Қостанай театры XXXI Республикалық театр фестиваліне қатысты

2026 жылғы 19-24 қазан аралығында Қызылорда қаласында қазақ театртану ғылымының көрнекті өкілі, театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбайұлы Құндақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXXI Республикалық фестивалі өтуде.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық музыкалық-драма театрының сахнасында өтіп жатыр. Фестивальдің ұйымдастырушысы – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры.

Республикалық театр фестиваліне еліміздің әр өңірінен 10 театр ұжымы қатысуда. Аталған өнер додасында Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры режиссер Г.Адайдың «Міржақып» спектаклін ұсынып, фестиваль бағдарламасы аясында өз өнерін көрсетті.

Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық театр өнерінің дамуына үлес қосу, отандық драматургия мен режиссура жетістіктерін насихаттау, шығармашылық ұжымдар арасындағы кәсіби байланысты нығайту, сондай-ақ қазақ театртану ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан Бағыбек Құндақбайұлы Құндақбаевтың ғылыми мұрасы мен театр сынындағы еңбегін ұлықтау.

XXXI Республикалық театр фестивалі – еліміздің театр ұжымдары үшін шығармашылық тәжірибе алмасуға, кәсіби шеберлікті шыңдауға және ұлттық сахна өнерінің өзекті бағыттарын танытуға мүмкіндік беретін маңызды мәдени оқиға.