Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры халықаралық аренада Қазақ елінің намысын абыроймен қорғады

Жуырда Татарстан Республикасының астанасы — Қазан қаласында өткен түркітілдес халықтардың ең ірі мәдени шараларының бірі саналатын XVII Халықаралық “Науруз” театр фестивалі өз мәресіне жетті. Бұл беделді өнер додасына Қазақстанның атынан Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры қатысып, қазақ театр өнерінің абыройын асқақтатты.Фестивальге тек түркі дүниесінің театрлары ғана емес, сонымен қатар Еуропаның бірқатар елдерінен келген өнер ұжымдары да қатысты. Осындай ауқымды халықаралық сахнада Қостанай театры өз шеберлігімен дараланып, көрермендер мен театр сыншыларының ыстық ықыласына бөленді.Театр ұжымы әйгілі ақын, көрнекті ағартушы Мағжан Жұмабаевтың “Шолпанның күнәсі” атты шығармасының сахналық нұсқасын ұсынып, терең мазмұны мен әсерлі режиссурасы арқылы көпшілікті тәнті етті. Қойылымдағы актерлердің шеберлігі мен сахналық образдардың нанымды шығуы — ұлттық рух пен заманауи көзқарастың үйлесімді тоғысын көрсетті.Бұл сапар Ілияс Омаров театры үшін тек шығармашылық табыс қана емес, сонымен қатар қазақ театр өнерінің халықаралық деңгейдегі беделін арттырған маңызды кезең болды.