БАҚ
Қостанай театры Арқалықта
І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры екі күндік гастролдік сапармен Арқалық қаласына келді.
Облыстық театрдың бұл жолғы репертуарында М. Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», А.Тасымбековтің «Алжир» спектаклдері және балаларға арналған М.Супониннің «Бұртима» ертегісі бар. Спектаклдердің қоюшы режиссеры – Баатырбек Шамбетов.
«Екі күн бойы ертегі мен спектаклдерді көрермен назарына ұсынамыз. «Шолпанның күнәсі» бұрын қойылғанымен, бірталай өзгешеліктері бар. Ал, «Алжир» спектаклінің желісін баршаның білуі тиіс. Ұлы тұлғаларымыздың жұбайларының, яғни қазақ әйелдерінің лагерьде көрген қорлықтарын баяндайды. Бұл «Алжир» қойылымын біз өткен жылы Қырғызстанға дейін апардық. Аншлаг болып, бауырлас елдің халқы аудармашысыз – ақ түсініп, тамашалады. Алдағы уақытта да гастролдік сапармен үлкен қалаларға баратын көп жоспарларымыз бар. Желтоқсан айында Атырауда өтетін республикалық театрлар фестиваліне әзірленіп жатырмыз. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай ертегіміздің көрермендері көп болып жатыр. Арқалықтың елі өнерді сүйетін ел деп білеміз. Театрымыздың маусымы ашылғаннан бергі алғашқы сапарымыз»,– дейді І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театры бас режиссерінің көмекшісі Күләй Ахметова.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
https://kostanaytany.kz/qostanaj-teatry-arqalyqta/