Ілияс Омаров атындағы
Қостанай облыстық
қазақ драма театры

“Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз
тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып,
басты тілдерінде сөйлейтін болады” Н.А. Назарбаев

Мекеме жаңалықтары

Адамзаттық тақырыпты көтерген «Шолпанның күнәсі»

І.Омаров атындағы  Қостанай облыстық қазақ драма театры жақында Ресейдің көрші Челябинск қаласында өткен «Человек театра»  атты шағын үлгілер театрларының фестивалі-лабораториясынан оралды. Челябілік көрермендер  М.Жұмабаевтың әңгімесі бойынша режиссер Баатырбек Шамбетов пьесаға бейімдеп, сахналаған «Шолпанның күнәсі» спектаклін өте жылы қабылдады. Театр көптеген шет елдерден келген өнер ұжымдары арасында шоқтығы биіктеп, табысты оралды.
«Шолпанның күнәсі» спектаклін тек көрермендер жақсы қабылдап ғана қойған жоқ, театр мамандары өте жоғары бағалады. Қойылымда алаштың ардақтысы, автор Мағжан Жұмабаев  уығы мен керегесін халқымыздың дәстүр-салты шегелеп ұстаған қоғамда қазақ әйелінің өмірінен бір оқиғаны баяндайды. Екі жастың арасындағы алаулаған махаббаты неге өліммен аяқталды? Қазақ қоғамында баласыз отбасының бақыты кем. Бесігімен әлемді тербететін әйел-ана Тәңірдің   таза жаратқан жаратылысы. Сондықтан құдайдың өзі одан тек кәусардай тазалықты талап ететін  секілді. «Шолпанның күнәсі» шығармасы әйел-ананың  мысқалдай да теріс  бас қан қадамы кешірілмейтінін меңзегендей. Әйел тағдыры солай.  Челябілік көрермендер мен театр мамандары «Шолпанның күнәсінен» түрлі ой түйді. Бірі Шолпанның (Диана Тұрсынова) қайнысы Әзімбаймен (Жасұлан Ханқожаев) жақын болған күнәсін күйеуі Сәрсенбаймен екеуінің (Асқар Төрениязов) бақыты үшін жасады десе, тіпті трагедияға  Сәрсенбайды кінәласа, тағы бірі Шолпанның адал махаббатын нәпсі жеңді дейді. Ал режиссер  Баатырбек Шамбетов Шолпанның күнәсіне Сәрсенбаймен арадағы баланың жоқтығы емес, тағдырдың дегеніне көнбеу, қарсы шығу дегенді тұспалдайды. Бір қызығы, режиссердің бұл ойын москвалық театр сыншысы, филология ғылымдарының докторы Капитолина   Кокшенева да дөп басқандай еді. «Мұны мифилогиялық шығарма деп қабылдауға болады. Негізінде сол жатыр. Қазақ, жалпы мұсылман салтында құдайға қарсылық болмайды. Адуын мінезді Шолпан оны түсінген жоқ. Адам мен оның  тағдыры, көктегі жаратқан арасында көрінбейтін тін, байланыс бар. Режиссер соны тап басып көрсете білген. Шолпан «Бала берме!» деп тілеп еді, қабыл болып кетті. Мен  мұндайды бірінші рет кездестіруім.   Әйелдің жолы дұрыс болуы шарт. Оны бұзғанда тағдыры да оны жазалайды. Шолпан өз ойын ақылға салмай, адуындықпен Әзімбаймен жақын болмағанда, бәрі де өмір ағынымен кетер еді» деді Капитолина Антоновна. Ұлттық бояуда берген қойылымның адамзаттық маңызы бар мәселені көтеруі  Ресейдегі азуын айға білеген театр мамандары мен сыншыларын таңдай қақтырды. Ал  Шолпанды сомдаған Диана Тұрсынова Сәрсенбай екеуіне ортақ қайғының бар ауыртпалығын да, сол жолдағы  бар күнәні де өз мойнына алған, оның құрбаны да болған  басты кейіпкердің бейнесін шынайы жеткізді.
Фестивальге қатысқан театрлар арасында І.Омаров атындағы Қостанай облыстық драма театры қойылымын көрермендерге  өз ұлттық тілінде – қазақ тілінде ұсынды.  Әрине, ілеспе аударма болды. Бірақ театр сыншыларының  айтуынша, режиссер Баатырбек Шамбетовтың сахнадағы декорацияны, арқан, құдық, шелек, қоңыраушалар секілді әр затты «сөйлете» білген шеберлігі аударма болмаса да көрерменге айтарын жеткізер еді. Мысалы, қоңыраушалар Сәрсенбайдың үйінде сылдырамайды, ал Әзімбаймен ойнап-күлгенде  бұлақ суындай таза үнмен сылдырайды. Бұл болашақ сәбидің дауысы еді.   Спектакльдің декорациясы, оның жиі өзгеріп, өзгерген сайын көрерменге белгілі бір ой ұшқынын тастап, әсерге бөлеуі де қостанайлық театрдың шығармашылық ұжымының тамаша жетістігі деп бағаланды. Спектакль аяқталғанда челябілік көрермендер залы дүр көтеріліп, «браво!» деп айқайлады. І.Омаров атындағы Қостанай қазақ театры шығармашылық ұжымының маңдай тері ақталды деген осы.


<iframe width="560" height="315" src="https://www.youtube.com/embed/8D836PjK1C0?si=NS0i_iOSlld6p4Gp" title="YouTube video player" frameborder="0" allow="accelerometer; autoplay; clipboard-write; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture; web-share" allowfullscreen></iframe>

<iframe width="560" height="315" src="https://www.youtube.com/embed/EVXXHuA-GhE?si=zM2r_bc1wg1tFrvr" title="YouTube video player" frameborder="0" allow="accelerometer; autoplay; clipboard-write; encrypted-media; gyroscope; picture-in-picture; web-share" allowfullscreen></iframe>