Ілияс Омаров атындағы
Қостанай облыстық
қазақ драма театры

“Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз
тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып,
басты тілдерінде сөйлейтін болады” Н.А. Назарбаев

Мекеме жаңалықтары

«Министр» спектаклінің премьерасы өтті.

Қарашаның 29 күні І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында Ақылбек Шаяхметтің «Культурбақан немесе өтелген парыз» атты пьесасы негізінде режиссер Фархадбек Қанафин сахналаған «Министр» спектаклінің  премьерасы өтті. Шығармада мемлекет және қоғам қайраткері, қызыл империяның құрсауы мықты Кеңес Одағы жылдары  халқымыздың ұлттық өнері мен әдебиетіне қамқор болған, ұлттық рухты көтерген қазақтың біртуар ұлы, Қостанай қазақ драма театры есімін алған Ілияс Омарұлы Омаров өмірі мен  қызметінің кейбір сәттерін қамтиды. Жалпы ірі лауазымдағы қызметтер атқарған, өмірінің соңғы жылдарында аяғында Кеңестік социалистік Қазақстан республикасының Мәдениет министрі болған Ілияс Омарұлы еліміздегі  өнер мен мәдениет саласын дамытудағы тарихи істердің бастауында ғана тұрған жоқ, ол ұлттық руханияттың уызына жарыған, адами қасиеттердің биік тұғырына көтерілген аңыз адам еді. Сондықтан деректі драмада  ірі тұлғаның образын ашу шығармашылық ұжымға аз салмақ салған жоқ.
         Спектакльде көрермен  басты кейіпкер Ілияс Омарұлының бейнесінен бөлек  кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың, ақын Қасым Аманжоловтың, Ілиястың өмірлік серігі Гүлшаттың  асыл бейнелерімен де қауышты.
         Спектакль соңында Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Бүркітбайұлы театр ұжымын және көрермендерді жаңа премьерамен құттықтап. «І.Омаровтың туған еліндегі, өзінің атындағы  театрда қылышынан қаны тамған қызыл империя уақытында ұлттық мүддені қорғай білген аса ірі тұлға Ілияс Омаров туралы спектакль қойылуы заңдылық» екенін  атап айтты. Пьеса авторы, ақын Ақылбек Шаяхмет театр ұжымына, және аталған спектакльді арнайы шақыртумен келіп сахналаған режиссер Фархадбек Қанафинге  рахметін айтты.
  Көрермендерге лық толы залда премьераны тамашалауға   Қостанай өңірінің перзенті Ілияс Омарұлының   туған-туыстары да келді.  Ілиястың аталас туысы Мұрат Шаймерденов ақсақал, атасының еңбегін көрсеткен спектакль үшін жалпы театр ұжымына, әртістерге, режисссер мен пьеса авторына  ризашылығын білдірді.