Ілияс Омаров атындағы
Қостанай облыстық
қазақ драма театры

“Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз
тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып,
басты тілдерінде сөйлейтін болады” Н.А. Назарбаев

Мекеме жаңалықтары

Қостанайдың “Толғанайы”

Қостанайдың “Толғанайы”
BY QOSTANAI TAŃY · 02.12.2022
Кезінде «Қостанайдың Баяны» атанған ҚР Мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова – І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының белді актрисасы, жарық жұлдызы. Бүгінде сол Баян «Қостанайдың Толғанайы» атанып кетті. Бұл актрисаға халқының берген ең жоғары атағы шығар. Осы қазақ театрының шаңырағы көтерілген күннен бірге келіп, өзіне жүктелген әр образды сәтті сомдап, көрерменнің жүрегіне жеткізе білген Зәмзәгүл апамыз да елу деген әдемі жасқа келіпті. Айтар ойы, бөлісер пікірі бар. Осы мерейтой алдында кездесіп, өнер әлемінің қызығы мен қиындығы турасында әңгімелескен едік.

– Апай, сіз ойнаған талай қойылымды тамашаладым. Бірде мұңайсаңыз, бірде шаттанып, көрерменді шынайылығыңызбен баурап аласыз. Осы жасқа мол тәжірибемен жеттіңіз. Елу жасты қандай көңілде қарсы алып отырсыз? – Осы жасқа дейін өзімнің көңіліме қонатын қаншама әдемі рөлдерді сомдадым. Біз әртіс деген халық өзімізді осы ойнаған образымызбен, халыққа қызмет еткенімізбен өлшейміз. Қостанай халқы мені «Қостанайдың Толғанайы» деп атап кетті. Жасырақ кезімде «Қостанайдың Баяны» десе, енді осындай атаққа лайық болғаныма ризамын. Сол Баян Толғанайды ойнап, бүгінде аналар бейнесінің әдемі галереясын сомдап жүр. Жақында ғана Астанада Ә.Мәмбетовтің 90 жылдығына арналған халықаралық фестивальге Ш.Айтматовтың «Ана – Жер ана» шығармасының желісімен қойылған «Құс жолы» спектаклімен барып, қатысып келдік. Өзіңіз білесіз, бұл бір сұрапыл жылдардағы ұлдары мен жарынан айырылған шермендегі ана мен бағы ашылмаған келіннің арасындағы қатынасты шебер көрсете білген шығарма. Сондай қиын жағдайдағы келін мен ененің бір-біріне сыйластығы, құрметін керемет суреттеген. Екі ананың тағдыры. Міне, осы көріністі көрсетіп, жеткізе білгеніме қуаныштымын. Қазылар алқасы да риза болып, театр ұжымына алғыс білдірді. Кеудеме орден таққандай көңілім өсті.  Қырғызстанның Қазақстандағы күндері болмағанда бас жүлдені алар ма едік. Кейінгі кезде менің жаныма аналар бейнесі жақын болып жүр. Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып қойылған «Алаштың Ахметі» қойылымында жары Бәдрисафаның есейген шағын, «Алжирде» спектаклінде Бейімбет Майлиннің жары Күнжамалды сомдадым. Осындай дана аналардың жиынтығын жасағаным мен үшін бір жетістік.  – Театрдың өміріңізден алар орны орасан. Дегенмен, осы өнер ордасы туралы ойыңызды білсек деп едік… – Театр мен үшін – өмір. Кейде егер мен басқа мамандықты таңдасам не істер едім деп ойға кететінім бар. Жоқ, театр мен менің өмірімді бөле жарып қарауға болмас. Зерігіп, өзімді таба алмас едім. Біздің әрбір шыққан образымыз ішімізден шыққан бала сияқты. Сол үшін жүрегіңді ауыртып, ойға кетесің, ізденесің. Сондай еңбекпен келген образ мәңгіге жүрегіңде сақталып қалады. Театрдың бір ерекшелігі ойнаған рөліңді әр шыққан сайын ұштап, жинақтап, күшейте бересің. Театрмен қуанып, театрмен жұбанамыз. Құдайға шүкір, отбасы бақыты бар, бірақ ол өз алдына алданыш. Ал театр өз алдына бір әлем. Алға жетелеп, үміт сыйлайды.

– Осынша жыл еткен еңбегіңіз, жаныңызды беріп, атқарған жұмысыңыз қаншалықты бағаланып келеді? – Талант – Алланың адамға берген сыйы. Алланың берген сыйын сен елдің, халықтың игілігіне жұмсай білсең, ол түгесілмейді, қайта толыса түседі. Әр адам өмірге келген соң қолынан келгенше оны жаңартып, жақсартып, толыса түскенін қалайды. Ол – заңды құбылыс. Ал егер Қостанайдың Толғанайының еңбегі өз деңгейінде бағаланып жатса, ол бір менің ғана мерейім емес, ол – елдің, өңірдің мерейі емес пе. Бұл бір маған ғана, немесе біздің ұжымға ғана қатысты айтылған ой емес. Ол қаншама еңбегі бағалануға тиісті жандарға қатысты айтылып отырған наз. Әр еңбек дер кезінде қолдау тауып, өз дәрежесінде бағаланып жатса көңіл өседі. «Көңіл, шіркін, көк дөнен» деген. Міне, осы жағы бізде ақсап тұр. Өнер адамы болсын, өзге салада болсын, атқарған еңбек уақытында бағаланса, ол да бір мәртебе екен ғой деген ой келеді. Ал өнерде жүрген әр азамат ең алдымен халықтың құрметімен шаттанып, шабыт алады. – Қазір өнер адамдарының, оның ішінде актерлердің еңбегі лайықты еленіп жүр ме? – Театрдың жиырма жылдығы өкінішке қарай, пандемиямен тұспа-тұс келді. Сол кезде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен театр директоры Әлімхан Мырзахан жүгіріп бар шаруаны атқарды. Театрға өмірі келмеген облыс әкімін шақырып, кездесу ұйымдастырды. Сол шақта біраз қызметкерлер грамота, үш-төрт адам «ҚР Мәдениет қайраткері» деген атақ алды. Бірақ көбіне сол грамотамен шектеліп, одан аса алмай қалатынымыз өкінішті. Әрине, әртіс ештеңе сұрамай, еш алаңсыз еңбек етуі керек, бірақ соны дұрыс бағалайтын басшы да болуы керек. Кез келген мамандықтың өз рахаты мен қиындығы болады. Қиындықты жеңу үшін рахатын көбірек сезіну ләзім. –Театрдың қазіргі жағдайы, репертуары көңіліңізден шыға ма? –Театрдың жағдайы өте жақсы. Көз қызығарлық ғимаратымыз бар. Жағдай жасалған. Репертуар да сан алуан. Балаларға арналған, классикалық дүниені де көруге болады. Режиссер Баатырбек Шамбетов келгелі репертуардың мазмұны толықты. Халықты әлі де жақсы-жақсы қойылымдармен қуантпақпыз. Қазір театр басшысыз. Ол біздің немесе олардың нашарлығынан емес. Жағдай солай болған шығар. Әркім әрқалай еңбек етті. Әрқайсысы қолдан келгенше театрдың дамуына үлес қосты. Жақсы басшылар болды. Соңғы басшымыз Әлімхан Мырзахан театрды жарнамалап алға сүйреді. Енді, міне, жарты жыл бойы басшысыз отырмыз. Бұл шығармашылық дамуға кері әсерін тигізеді. Ұжым өте жақсы. Үлкен буын да, орта буын да, жастар да бар. Енді театрды алға сүйрейтін, қойылымдарды жарқыратып көрсете білетін, еңбекті паш ететін басшы болса деген тілегіміз бар.

– Сізді неге кино әлемінен көрмейміз? – Қазір елімізде кино түсіру жақсы ізге қойылып келеді. Кино Алматы мен Астанада көп түсіріледі. Ол жақта қаншама театр бар, өздерінде де актрисалар жеткілікті. Киноға бет бұру үшін театрдан алшақтау керек, ал менің жаныма театр жақын. Былтыр Түркістан қаласынан шақырту алдым. Жастар театры «Бөрте» қойылымын қойды. Әйгілі Шыңғыс ханның жары Бөртені керемет көрсете білді. Осы қойылымда Бөртенің анасын ойнауға шақырту алдым. Рөлді сәтті сомдап, тамаша қойылымға үлес қосқаныма қуанамын. «Бөртенің» арқасында жақсы-жақсы адамдармен таныс болдым, Италиядан келген режиссермен жұмыс істеп, тәжірибемді байыттым.   – Қостанайдың «Толғанайы» бақытты ма? –Шүкір, бақыттымын. Әйел ретінде де, ана ретінде де, актриса ретінде де бақытым ашылған жанмын. Алладан сұрарым, елімнің амандығы мен тыныштығы. Театрдың іргетасын қалаған Шаһарбану апайымыз бен Қайыпберген ағайымыз кезінде «Мәншүк» спектаклін қойған еді. Басты рөлді мен сомдап, Мәншүктің бейнесін сәтті сомдап, маған артылған сенімді ақтап шықтым. Халқым да риза болып, көшеден «Мәншүк» деп қабылдайтын. Халықтың көңілінен шығу да бір дәреже, бір бақыт. Міне, Қостанайдың «Мәншүгі, Баяны, Толғанайы» атанған менде арман бар ма. Елу жасыма осындай жақсы-жақсы образдарыммен келгеніме ризамын, мақтанамын. Ал мен үшін халқым берген атақтан артық атақ жоқ. Ең жоғарғы ілтипат та осы.  
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

Ақпарат мына сайттан алынды: http://kostanaytany.kz