Костанайский областной
казахский театр драмы
им. И. Омарова

"Впервые за тысячелетнюю историю наша культура
зазвучит на всех континентах и на всех
главных языках мира" Н.А. Назарбаев

Новости

Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры "Ботақара-Шешенбике" тарихи драмасының тұсаукесерін Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткізді.

Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры "Ботақара-Шешенбике" тарихи драмасының тұсаукесерін Моңғолияның Баян-Өлгий қаласында өткізді. Театрымыздың көркемдік жетекшісі Әлия Баймахан сахналаған - ақын, драматург Әскерхан Ақтайдың туындысы өте жоғары деңгейде қойылды. Ел мен жер, бірлік тақырыбын ту еткен драма өзгеше ой салады. Мұнда қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс ғана емес, бейбітшілікке ұмтылыс, достық, шынайы махаббат суреттеледі. Сөз кезегінде театрымыздың директоры Сабыралы Кемелбаев ынтымақ, татулық тәуелсіз Қазақ елінің де басты ұстанымы екенін атап өтті.

Ботақара батыр мен жоңғар тәйжісі Шешенбикенің есімі ғасырлар көгін көктей өтіп бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр. Өйткені, олардың көксеген мақсаты қай дәуірде де маңызды. Қарағанды облысы, Балқаш өңірінде Ботақара мен Шешенбике тауы бар. Ботақара батыр өмірін қазақ даласын жаудан азат етуге арнады. Оның арманы киіз туырлықты көшпелі ел қазақ пен қалмақтың басын қосып, келісім орнату еді. Бұл ойын жоңғар тәйжісінің қызы Шешенбике де қолдады. Драма міне, осынау тарихи оқиғаны арқау еткен. Қойылымды Баян-Өлгийдегі бауырлар өте жақсы қабылдады. Кәсіби сыншылар да жоғары бағасын берді. Әртістерге көрермендер орнынан тік тұрып қошемет көрсетті. Ел азаматтары ұжымға, осынау сапарға қолдау жасаған Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовқа зор алғысын білдірді. Басты рөлдерді сомдаған Асылан Кенжетай мен Мөлдір Құбаш Моңғолияның "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталды. Баян-Өлгийдегі гастрольдік сапар әлі жалғасады.